Саясат

Қырғызстанның жаңа президенті алғашқы сапарын қай елден бастайтыны белгілі болды

Сапар барысында қырғыз лидері ресейлік тараппен табиғи газ бағасын төмендету мәселесін талқылайды деп күтілуде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаров шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастауды жоспарлап отыр.

Бұл туралы парламент комитетінің отырысында вице-премьер Равшан Сабиров мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.

"Садыр Жапаров алғашқы сапарын Ресейге жасауды көздеп отыр", - деді вице-премьер.

Сабировтың айтуынша, сапар барысында қырғыз лидері ресейлік тараппен табиғи газ бағасын төмендету мәселесін талқылайды.

Тағы оқыңыз: Қырғыз елінің жаңадан сайланған президенті Қазақстан халқына алғыс айтты

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтқан еді.

Еске салсақ, Қырғызстан президентінің мерзімінен бұрын сайлауы биыл 10 қаңтарда өтті. Бірінші турда сайлаушылардың 79,2% даусын жинаған Садыр Жапаров жеңіске жетті.