Әлем

Путин зәулім сарай туралы сұраққа жауап берді

Ресей президенті Алексей Навальныйдың фильмін компиляция және адамдардың "санасын шаюға" тырысу деп атады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин оппозиционер Алексей Навальный өз зерттеуінде айтқан "Геленджиктегі сарай" туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды РИА Новости.

Сұрақ Ресей студенттері күніне орай ұйымдастырылған университеттегі кездесу кезінде қойылды.

"Сіздің сұрағыңызға бірден жауап бергім келіп тұр. Ол жерде менің меншігім ретінде көрсетілгеннің ешқайсысы маған да, менің жақын туыстарыма да тиесілі емес және ешқашан тиесілі болмаған. Ешқашан", - деп жауап берді Путин.  

Ол сондай-ақ, бұл көптен бері көпірте айтылып келе жатқанын, "азаматтардың санасын шаю" үшін толықтырылып отырғанын мәлімдеді.

"Бұл ақпарат он жылдан астам уақыттан бері көпірте айтылып келе жатыр. Қалай болғанда да, қазір өте ыңғайлы уақыт, бәрін жинап, осы материалдармен біздің азаматтарымыздың санасын шайып тастауға шешім қабылдады. Оны интернетте жариялаған – онда қандай да бір фильмдер, видео бағдарламалар бар", - деді президент.

Төрт мыңға жуық адам жиналған: Мәскеу алаңында не болып жатыр

Сондай-ақ, Ресей басшысы фильмді құрастыру кезінде халықты адастыру мақсатында монтаж қолданылғанын мәлімдеді.

"Олар менің баттерфляй стилінде жүзіп жүрген суретімді жариялады. Кейде осылай жүзгенді ұнатамын. Бірақ ол бассейнде ешқашан болмағанмын. Неғылған бассейн екенін білмеймін. Бірақ осылай жүздім. Қашан және қайда? 2016 жылы Енисейде. Сондықтан бұл компиляция, монтаж", - деп түйіндеді Путин.