Қоғам

Министр тергеуші әйелдерді арнайы дайындықтан өткізуді тапсырды

Министрдің айтуынша, қазақстандық полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру үшін "Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдер" пилоттық жоба іске қосылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Әйелдер мен балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық істерімен тергеуші әйелдер айналысады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің алқа отырысында ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев әйелдер мен кәмелетке толмаған балалардың күн сайын жыныстық сипаттағы қылмыстардың құрбанына айналып жатқанын ерекше атап өтті.

Сондықтан да ол осы санаттағы қылмыстарды тергеумен айналысатын тергеушілердің мамандануын қамтамасыз етуді, әйел қызметкерлерді жыныстық қылмыс құрбандарымен жұмыс істеуге дайындауды және оқытуды қамтамасыз етуді тапсырды.

"Бұл бағытқа жауапты ретінде тәжірибелі қызметкерлерді бекіту, зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау жөніндегі бағдарламаны кеңінен қолдану және дербес деректердің құпиялығын мүлтіксіз сақтау қажет", – деді Тұрғымбаев.

Сондай-ақ, ішкі істер министрі 2021 жыл құқық бұзушылықтардың алдын алу және "жұртқа жақын полиция" қағидатын қамтамасыз ету жылы болатынын мәлімеді.

Оның айтуынша, қазақстандық полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру үшін "Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдер" пилоттық жоба іске қосылды. Соның арқасында құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын талдауға, ұсыныстар әзірлеуге және халықты құқық бұзушылықтардың алдын алу процесіне тартуға мүмкіндік бар.

Оқи отырыңыз: "Масқара": министр Тұрғымбаев түрмеде зорлық-зомбылық жасалғанын растады

"Жұртқа жақын полиция" қағидатын іске асыру үшін 2021 жылы учаскелік инспекторлардың санын көбейту, криминогендік аудандарда және адамдар көп жиналатын жерлерде 200-ден астам модульді полиция бекеттерін салу, "икемді" патрульдеу бағыттарын пайдалану, азаматтармен коммуникация жасау арналарын көбейту жоспарланып отыр", – дейді Тұрғымбаев.