НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов Әбу-Дабиде өткен UFC 257 турнирінде швед қарсыласынан жеңіліп қалды.
Ең жеңіл салмақтағы кездесу үш раундқа созылды. Төрешілер жеңісті бірауыздан Амир Альбазиге берді.
"Тартысты жекпе-жекте Жалғас Жұмағұлов Амир Альбазиге есе жіберді", - деп хабарлады UFCRussia Instagram-да.
Осылайша Жалғас аралас жекпе-жекте 13 рет жеңіске жетіп, бес кездесуін жеңіліспен аяқтады. Жұмағұлов UFC-ге алғаш рет өткен жылдың жазында шықты. Ол төрешілер шешімімен бразилиялық Раулиан Пайведен жеңілді, алайда бұл шешім көпшілік арасында дау тудырған еді.
Еске салсақ, UFC 257 турнирінің басты оқиғасы – ирландиялық Конор МакГрегор мен америкалық Дастин Порье арасындағы жеңіл салмақтағы реванш.