"Мені көргендер қарапайым екенсіз ғой деп таңғалады": Қайрат Байбосыновтан 10 кеңес

Адамға табандылық пен қарапайымдылық қажет, ел алдында жүрген адамның сөзі де қарапайым болу керек, деп есептейді  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Әнші, қазақ ән өнерін насихаттаушы Қайрат Байбосынов Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында ұстаздың бойында қандай қасиет болу қажеттігін, баланы ән мен әуенге қай кезден бастап баулу керек екенін айта келе, жастарға бірнеше кеңесін ұсынды.   

Бірінші кеңес. Баланы бесіктен тәрбиеле

"Қазақта "баланы – жастан" деген мақал бар. Біз баланы санасыз, түк ұқпайды деп ұрысамыз, бірақ кінәнің бәрі өзімізде. Бесіктегі балаға қазақша ән қосып қойсақ, біраз уақыт өткен соң сол әнмен ұйықтайтын болады. Бір әріптесім зерттеу жасады: бір сыныптағы баланың бәріне домбыра үйретті. Әке-шешесі оратор, нағашысының қанында өнерге қандай да бір жақындық болмаса да, баланың бәрі қағып алды. Осылайша тек қана қанында өнерге деген жақындық бар баладан әнші, күйші шығады деген ойды жоққа шығарды. Сол сыныпта оқыған баланың бәрі күй танып, музыканы үйренді. Әнді түсінген бала сезімтал, жан-жағына қайырымды болып өседі", - дейді Байбосынов.

Әншінің бес немересі бар. Барлығы домбыраға әуес, бір немересі баян сыныбында оқиды. Мұны әнші қан арқылы берілген қабілет деп атады. Барлығы кәсіби деңгейде орындамаса да, бойынша ұлттық құндылықтың дәні бар.

Екінші кеңес. Классика тыңдауды әдетке айналдыр

"Жиырма жасымда да, елуге келгенде де домбырамен сүйемелденген халық әндері, халық композиторларының әндерін тыңдадым. Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Жамал Омарова секілді әйгілі адамдарымыз болды. Одан кейін Шәмші Қалдаяқовтың, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамеджановтың әндерін тыңдадым. Осындай халықтық үлгідегі, классикалық әндерді тыңдап, орындадым", - деді Байбосынов.

Ал қазір денсаулығына байланысты күнделікті ән тыңдамаса да, бірінші курс студенттеріне сабақ барысында классикалық үлгідегі әндерді тыңдауға кеңес беріп отырады.

"Қазір де осы әндерді тыңдаймын. Бұл – дағды. Жастардың айтып жүрген әндеріне тілім келмейді, түсінбеймін де, оларды тыңдамаймын. Күн сайын ән тыңдауға жағдайым жоқ. Миыма қан кетіп, инсульт алған соң тыңдамайтын болдым. Қазіргі әндер жүйкеме тиеді, содан жоламауға тырысамын. Осы күнде де жақсы-жақсы әншілер бар, бірақ репертуары ретке келмеген", - дейді ол.

Айтуынша, музыка да математика сияқты, ол да ми қатыруды талап етеді.

Үшінші кеңес. Күйді түсіну – әуенді сана-сезіммен түйсіну

"Күйді түсіну – күрделі дүние. Оны адам сана-сезімімен түйсінуі керек. Күй әуені жалпы оқиғаны, жалпы сарынын, қай жерде қандай оқиға болғанын көрсетіп тұрады. Қай жерде қайғылы, қай жерде жоқтау екенін күйдің сарыны баяндайды. Қазіргідей компьютер жоқ уақытта ауылдағы балалардың сана-сезімі өте жоғары болатын. Ауылдағы қойшы қойын жайып, жантайып жатып бүкіл әнші, операшының әнін жатқа біліп, саясаттың жілігін шағатын", - дейді ол.

Алайда Байбосыновтың әкесі күйші-қобызшы болғандықтан өзіне түсінуге қиынға соққан күй болмаған. Мектепте күй тартып жүріп, әнге ауысқан.

Төртінші кеңес. Іске ыждахатпен кіріс, тыңғылықты істе, адал атқар

"Өнер адамы болған соң бүкіл саналы ғұмырымды, жігерімді, ойымды өнерге арнадым. Өмірді әнге арнадым, әннің әлеміне ендім. Соның жолында талаптандым. Жатсам да, тұрсам да мимен домбыра тартып, әнді өңдеп жаттым. Адам қай салада қызмет етсе де, соған ыждахатпен кірісіп, тыңғылықты істеп, адал атқаруы керек. Миын соған бағыттауы керек. Әнші болғың келсе, миды әнге бағытта, саясаткер болғың келсе де дәл солай. Ақын боламын десең, табиғатты сүй, ақындарды оқы", - дейді Байбосынов.

"Таяқ жедім, аш болдым, бірақ ешкімге айтпадым": Сәкен Майғазиевтен 10 кеңес 

Айтуынша, еңбектеніп жүрген адамда менмендік болмайды. Өз ісін маңдай терін төгіп, қара жұмыс сияқты істейді.

"Адамға табандылық пен қарапайымдылық қажет. Мені көшеде көргендер таңғалады. Автограф сұрап келгендер "қарапайым екенсіз ғой, аға" дейді. Ел алдында жүрген адамның сөзі де қарапайым болу керек. Елмен тіл табысып, жалпы айтқанда саясаткер болу керек", - дейді ол.

Бесінші кеңес. Ұстаз өзі үлгі болуы керек

"Мен қисық сөйлемеймін. Ұстаз алдымен өзін жөндеуі керек. Өзінің әні дұрыс болу керек. Мен барлық әнді білемін. Баланың өзі ақымақ емес, кім жақсы әнші екенін біліп, соған ұмтылып тұрады. Өнер адамдары үлкенді үлкен, кішіні кіші деп біледі", - дейді ол.

Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев секілді ұстаздары ойы мен ниеті бір адамдардың бір-бірін қолдауы қажет екенін әншінің санасына құйған. Соны қазірге дейін шәкіреттеріне айтып жүр.

Алтыншы кеңес. Әдебиетті оқымаған адам әнші болмайды

"Музыканы, әнді түсіну үшін жалпы әдебиетті оқу керек. Адамның көкірек сарайы ашық болу үшін кітап қажет. Кезінде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин сынды ақын-жазушыларды оқыдық. Әдебиетті оқымаған адам әнші болмайды. Жан дүние оқыған кітаптардағы адами қасиеттерді жинайды", - дейді Байбосынов.

Жетінші кеңес. Бос мақтанға салынба

Қайрат Байбосынов жас күнінде ақын-жазушылардың жиындарына барып ән салған.

"Сол кезде ұятқа қалмайық, дауысымыз шықпай қалмасын деп аш құрсақ баратынбыз. Әннің сөзін бірнеше рет қайталадық. Ол уақытта әннің бір сөзін қате айтқан адам сынға қалатын. Ақ тер, қара тер болып ән салсақ та бізді ешкім мақтамайтын. "Сен жұлдызсың, кереметсің" деп айтпайтын. "Айналайын, көп рақмет, әнің жақсы екен" дейтін. "Дауысыңды қарлықтырып алма, арақ ішпе, темекі тартпа, түнде сандалып жүре берме" деп ақылын айтатын. Берген бағасы – осы", - дейді ол.

Сегізінші кеңес. Дауысқа да режим қажет

"Дауысты жоғалтпау үшін дайындық, режим керек. Балмұздақ жемей, суықтан сақтанып, күтінген жөн", - дейді әнші.

Тоғызыншы кеңес. Достық – туыс болу

"Біздің арамызда достық болды. Кімнің қай рудан екенін қазір біліп жатырмыз. Жолдас болдық, ниеттес болдық. Адам еңбегі өсек-аяңды, бәрін жеңіп шығады. Ол кезде оқу бітірген студенттерді облыстарға жіберетін. Ол жақта шалдар әңгімелеседі: өзінен бұрынғы әншінің бәрін мақтап отырады. Сол қасиетті ұғып алдық. "Бір-біріңді мақтаңдар, туысқандай болыңдар" дейтін. Үлкендер не деп жатыр деп құлақ түріп өстік. Үлкенді үлкен деп сыйладық. Қазақи мінез болды", - дейді замандас достары жайлы.

Оныншы кеңес. Ән мәтіні дұрыс болу керек

Ең үлкен еңбегім – "Сырсандық" деген кітап. Ішіне 500-ден аса ән кірді. Өзімнің естіп жүрген әндерім мен кітапхана, мұрағат ақтарып жазған еңбегім. Ән мәтінінің дұрыс жазылуына назар аударылған. Кезінде көп әннің мәтіні жаңа сөзге ауысып кетті, соның орнына төл сөзді қойып жаздым. Мен шығармасам, мен айтпасам, ұрпақ ертең қате жаттап өседі", - дейді Байбосынов.

Оның пайымынша, әрбір әннің сөзі өткір, ереже сияқты сақталуы қажет.