НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтанда жексенбіге қараған түні жас жігіттер бойжеткен үшін төбелесіп, бір-біріне оқ атты. Тәртіп сақшылары барлық күдіктіні ұстап, полиция басқармасына жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Түнгі атыс жайлы елорда тұрғыны Facebook-те жазды.
"Бірінен соң бірі атылған оқтың даусы естілді, терезеден қарасам, жаппай төбелес болып жатыр. Жаралылар қансырап жерде жатыр. Бір топ адам Сембинов көшесіне қарай қашып кетті. Мен полиция мен жедел жәрдем шақырдым. Бірақ, бір минуттан кейін жаралыларды көлікке салып алып кетті", - дейді Эльмира Баекешева.
Қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Полицейлер жігіттердің қыз үшін төбелескенін анықтаған.
"24 қаңтарда 102 пультіне сағат 01.09-да қалалық ауруханаға оқ жарақатымен 19 және 23 жастағы екі ер адам түскені жайлы хабарлама келді. Белгілі болғандай, бұрынғы таныстар арасында қыз үшін төбелес шыққан", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір жанжалдасқан адамдардың барлығы ұсталып, "Байқоңыр" ауданының полиция басқармасына жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр.