Қоғам

Ертең зейнетақы жинағын алатын сайт іске қосылады - мекенжайы қандай?

Портал, ертең 23 қаңтарда таңғы сағат 9:00-де іске қосылады. Содан бастап өтініш беруге болатыны хабарланды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Отбасы банктің басшысы Ляззат Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты өтінім берілетін сайттың мекенжайын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Бүгін мен сайттың атауын алғаш рет айтамын. Ол - enpf-otbasy.kz. Бұл – біздің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірге жасаған жұмыс нәтижесі. 2020 жылда біраз жұмыс атқарылды. Сол себепті атауында екі органды көрсетуді жөн көрдік", - деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Банк басшысы порталдың әзірше іске қосылмағанын жеткізді. Онда "Зейнетақы жинағын пайдалану платформасы 2021 жылдың 23 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 9:00-де қолжетімді болады" деген жазу шығады. 

"Негізі, сервистердің бәрі дайын. Бірақ ереже кеше ғана шықты. Біз барлық өтініш формаСын тексеріп, редакциялық өзгеріс енгіздік. Себебі зейнетақы жинағын пайдалану бойынша нақты шектеулер бар. Ал өтінішті бергенде пәтерді туған-туыстан сатып алу, үйді бес жыл бойы сатпау сияқты шектеулер автоматты түрде шығып тұрады. Осылайша, бүгін дайындық күні, ал ертең таңғы 9:00-де бастаймыз", - деп атап көрсетті Ибрагимова.

"Отбасы банк" – біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге қолдану бойынша уәкілетті орган.