НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2020 жылы жемқорлық үшін сотталған лауазымды тұлғалардың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, 2020 жылы мыңнан астам адам сотталған.
Соның ішінде 334 - пара алғаны үшін, 256 - пара бергені үшін, 146 - алаяқтық үшін, 98 - ұрлық үшін, 120 - лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін, 26 - парақорлыққа делдал болғаны үшін және тағы басқа.
"299 адам бас бостандығынан айырылды, 142 адамның бас бостандығы шектелді, 575 адамға бірнеше еселік айыппұл салынса, қалғандары шартты мерзімге немесе кейінге қалдыру жазасына кесілді", - деді ол брифингте.
Сондай-ақ, 1 268 адамға қатысты қосымша жазалау шаралары қолданылған.
- 963 адам белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылды;
- 279 адам - арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды;
- 26 адам мүлкі тәркіленіп сотталды.
Агенттік бір адамға қатысты бірнеше қосымша жазалау шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертті.