Экономика

COVID-19 ауруханасы төңірегіндегі дау: жемқорлыққа қарсы агенттік түсініктеме берді

18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда инфекциялық аурухана салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы іске түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қылмыстық іс ішкі мемлекеттік аудит актісі бойынша тіркелді. Тергеу барысында келтірілген нақты шығынды анықтау үшін актілер тексеріс жүргізу үшін тіркеледі. Ақшаның ұрланып-ұрланбағанын және сомасын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалады. Көп жағдайда бұрын айтылған шығын сомасы расталмай жатады, тіпті, істер тоқтатылған кездер де болған", - деп түсіндірді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте. 

Айтуынша, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. 

"Ақша шынымен жымқырылды ма, жоқ әлде бұл қандай да бір заңбұзушылық па, мұның бәрі тергеу барысында анықталады", - деп нақтылады ол.

Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береді. 

"БАҚ-та резонанс туғызбауды өтінеміз. Бұл акті бойынша әдеттегі тіркеу, бізде ондай көп. Тергеу барысы туралы қосымша хабарлаймыз", - деді Биғайдаров. 

COVID-19 ауруханасы төңірегіндегі дау

18 қаңтарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сонымен қатар, бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.

БАҚ хабарлағандай, олар COVID-19 науқастарына арналған модульдік аурухананы салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. 

Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін БАҚ-та Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қала әкімдігі мұны жоққа шығарды. 

Алматы әкімінің баспасөз қызметі Сапар Нұрашевтың өз жұмыс орнында екенін растайтын видео түсірді.