Қоғам

"Соңғы рет 13 жасында көрді": сотталған жігіт түрмеде анасын тапты 

Жігіттің жасы 13-те болғанда анасын түрмеге қамап тастаған. Ер жеткеннен кейін ол да заң бұзып, колонияға түсті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Тимур есімді ер адам қылмыстық әрекеті үшін Ақтаудағы колонияға қамалған. Осы мекеменің қызметкерлері оған 13 жасынан бері көрмеген анасын тауып беруге көмектесті. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды. 

Ер адамның анасы Атырау облысындағы түрмелердің бірінен табылды. Ол өз жазасын әлі күнге дейін өтеп жүр.

Ал Тимурдың өзі балалар үйінде тәрбиеленген. Ол жерге анасы мен әкесінің арасындағы жанжалдан кейін түсті. Сөйтсе, әкесі ішімдік ішіп келіп, жұбайын ұрған. Осыдан кейін әйел оған пышақ салыпты. Тергеу кезінде оны оқшаулады. Сот үкімі шыққаннан кейін түрмеге жіберді. Ал Тимур интернатқа түсті. Ол кезде жасы небәрі 13-те болған.

Балалар үйінен кейін жас жігіт жұмыс таба алмады. Содан ұрлықпен айналыса бастады. Ақыры ұсталып, түрмеге тоғытылды. Түзеу мекемесінде Тимур анасын тауып беруді сұрады. Колония қызметкерлері оны басқа түрмеден тапты.

"Ол үшін бейнебайланыс арқылы жүздесу ұйымдастырылды. Осылайша, көптен бері бір-бірін көрмеген ана мен бала алғаш рет кездесті", - дейді мекеме қызметкерлері.

Осы орайда мамандар жақын туған-туыстармен байланыс орнатудың арқасында адамды қалыпты өмірге тездетіп түсіруге болатынын ерекше атап өтті. Өйткені балалар үйінен шыққан адамдар өмірде жиі адасады.