Қоғам

Істі болған бұрынғы вице-адмирал ескі "Audi"-мен адам тасып жүр – видео

Өткен жылы теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысын "қызметін асыра пайдаланып қазына қаржысына қол сұқты" деген айыппен алты жылға абақтыға қамауға үкім шығарылған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов астанада таксист болып жүр. Экс-вице-адмирал сот салған 30 миллион теңге айыппұлды осылай төлеп бермек, деп хабарлады КТК арнасы. 

"Соңғы кезде индрайвермен адам тасып жүрмін. Міне, қараңыз, ешбір теріс пікір жоқ", - дейді Жанұзақов. 

30 жылдан астам өмірін әскери міндетке арнаған ол енді әр жолаушының қас-қабағына қарауды үйренді. Ол қомақты табысынан айырылып, такси қызметінің мардымсыз кірісіне мойынсұнды және бұл еңбекті арсынбайды. Ол жолаушыларымен әңгіме-дүкен құруға қарсы емес. Әңгіме барысында бұрынғы әскери мансабы туралы да жасырмайтынын айтады.

"Көбі вице-адмирал екенімді естіп, көлігіме қарап және такси қызметімен күнелтіп жүргеніме аң-таң болады. Отбасымды асыраудың басқа амалы болмаған соң, осы шаруаға иек артып отырмын. Әрине, мына жағдайыма өкпелеп қалатыным бар. Неге десеңіз нақақтан-нақақ күйіп кеттім", - дейді Жанұзақов.

Өткен жылы теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысын "қызметін асыра пайдаланып қазына қаржысына қол сұқты" деген айыппен алты жылға абақтыға қамауға үкім шығарылған болатын. Артынан ісі қайта қаралып, жазасы біршама жұмсарды. Ал Жанұзақовтың өзі тағылған айыппен келіскен емес.