Экономика

Halyk Bank зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың шарттарын атады

Halyk Bank біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шотты ашу бойынша екінші оператор атанды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Halyk Bank (Халық банкі) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемін мақсатты пайдалану бойынша өкілетті оператор атанды. Алайда жинақты тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында ғана алуға болады.

Банк клиенттері біржолғы зейнетақы төлемін аударуға арналған арнайы шотты Halyk Homebank қосымшасында онлайн аша алады. Шотты ашу – зейнетақы төлемін алудың бірінші шарты, деп мәлімдеді Halyk Bank баспасөз қызметінен.

Екінші қадам – өтінім рәсімдеу, ол кейінірек іске қосылады.

Біржолғы зейнетақы төлемінің операторы ретінде Halyk Bank тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында БЖЗҚ-дан төлем аудару үшін арнайы шоттарды ашу және жүргізуді жүзеге асырады:

  • бір банктік қарыз шарты аясында баспана (жөндеуімен қоса) сатып алу үшін ипотекалық қарыз алуға бастапқы жарна енгізу жолымен;
  • бір банктік қарыз шарты аясында баспана (жөндеуімен қоса) сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті жартылай немесе толық өтеу;
  • ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру.

"Біржолғы зейнетақы төлемін алуға өтінім Halyk Homebank қосымшасында Қазақстанның өкілетті мемлекеттік органы/лауазымды тұлғасы біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану ережелерін бекіткеннен кейін, сондай-ақ, банк БЖЗҚ-мен келісімге қол қойып, техникалық тұрғыдан дайын болғаннан кейін ғана қолжетімді болады", - делінген хабарламада.

Бұған дейін Halyk Bank арқылы зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға болатыны хабарланды. Ал бұрын біржолғы зейнетақы төлемін мақсатты пайдалану бойынша тек бір ғана оператор – "Отбасы банк" болған еді.