Өңірлер

Мұзды суда "Қара жорға" билеген петропавлдық жұртты тәнті етті – видео

Петропавл қаласының тұрғыны Владимир Пекарский жыл сайын қыста мұзды суға түседі. Бірақ осы жолы ұлттық нақышты қосты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Солтүстік Қазақстанда тұратын морж жігіт әлеуметтік желіде кеңінен таныла бастады.

Петропавл қаласының тұрғыны Владимир Пекарский жыл сайын қыста мұзды суға түседі. Бірақ осы жолы ұлттық нақышты қосты. Тиктокер мұзды суда тұрып, балмұздақ жейді, қымыз ішеді. Тіпті, "Қара жорғаны" да билеп бере алады. Осылайша, салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсеткім келеді, дейді ол.

"Патриотизмді көрсетіп жатырмыз. Отанымызды құрметтеу керек, оған қызмет ету керек. Осы жердің азаматы ретінде басқалар біз туралы білгенін қалаймын", - деді Пекарский Astana TV арнасына берген сұқбатында. 

Мұзды суға түсетін морж барынша сақ болуға кеңес береді. Себебі ондай шаралар денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Мұзды суда екі минуттан артық отыруға болмайды. Алкоголь ішпеген дұрыс. 

"Көбісі мені қолдап, ертең-ақ суға бірге түсеміз деп жазып жатады. Видеоны көріп, күш алады. Әркім өз денсаулығы мен мүмкіндігін ескеруі керек. Ал денені шынықтыру жақсы ғой, тәні де, жаны да сау болады. Демек, еңбекке қабілетті және өз еліңе пайдалы боласың. Осының өзі - патриотизм", - дейді петропавлдық.

Тиктокердің "Қара жорғасына" бірнеше күн ішінде мыңдаған лүпіл жинады. Жақын арада ол мұзды суда отырып, бесбармақ жеуді жоспарлап отыр.