Әлем

Коронавирустан қайтыс болғандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді - ДДҰ

Әлем бойынша 96 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырды, дерттен қайтыс болғандардың саны 2 миллионнан асты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен аптада коронавирустан қайтыс болған адамдардың рекордтық көрсеткішін тіркеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен аптаның ішінде коронавирустан 93 мың адам көз жұмған. Бұл рекордтық көрсеткіш болып саналады. Жалпы, 20 қаңтарға дейін әлем бойынша 96 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Ал осы диагноздан қайтыс болғандардың саны 2 миллионнан асты, деп хабарлайды РИА Новости.

2020 жылы 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 инфекциясының өршіп кетуіне байланысты пандемияның басталғанын жариялады. Джон Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, науқастардың басым бөлігі – 24,4 миллион адам АҚШ-та тіркелген. Одан кейін Үндістан (10,5 млн) және Бразилия (8,5 млн) тұр. 

Қазақстанда осы уақытқа дейін 171 мыңнан астам адамның сынамасы оң нәтиже көрсетті. Олардың басым бөлігі жазылып шыққан. Қазіргі кезде коронавирустан 25 038 науқас (13 404 КВИ+ және 11 643 КВИ-) емделіп жатыр. Оның ішінде 6 522 пациент стационарда, ал 18 516 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Пациенттердің арасында 307 адамның жағдайы ауыр, 61-і хәл үстінде жатыр, 34 науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Пандемия басталғалы бері елімізде коронавирустан 2 431 адам көз жұмды. Бұдан бөлек, ковидтік пневмониядан (КВИ-) 545 науқас қайтыс болды.