НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Жетінші шақырылымдағы мәжіліс "Қазақстан мен Корея Республикасы арасында сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, шарттың негізгі мақсаты – сотталған адамдарды өзара алмасу, оларды беру жолдарын реттеу.
Сотталғандар мынадай жағдайда беріледі:
- егер соттталған адам Қазақстан не Корея азаматы болып танылса;
- сот үкімі заңды күшіне енген болса;
- беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса;
- жасаған әрекеті екі жақта да қылмыс болып танылса;сотталған адам өзін беруге ниет білдірсе;
- екі мемлекет өзара беруге келіссе.
"Осы талаптар сақталмаса, сотталған адамдар берілмейді. Қазақстанға қайтарылған адам Корея сотының үкімі бойынша өз жазасын өтейді. Егер Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес болмаса, үйлеспесе, онда сот үкімі біздің заңда көзделген жазаға сай келтіріледі. Алайда жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауы тиіс", - деді Ахметжанов мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қазір Кореяда 25 қазақстандық, ал Қазақстанда Кореяның бір азаматы жазасын өтеп жатыр.
"Ұсынылып отырған келісім ратификацияланған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар елге келіп, әлеуметтік ортасында жазасын өтейді, қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді", - деді бас прокурордың орынбасары.
Ол Қазақстанның халықаралық шарттар туралы заңына сәйкес аталған шарт ратификациялауға жататынын атап өтті. Себебі құжат адам құқықтарына тікелей қатысты.
Шартты қабылдау бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді және экономикалық-әлеуметтік, өзге де кері әсері жоқ.
Мәжіліс заң жобасын мақұлдады.
Сондай-ақ, Ахметжановтың айтуынша, тағы 26 қазақстандық Оңтүстік Кореяда қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Оларға қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген.