Қоғам

Қытайда балмұздақтан коронавирустың жаңа түрі табылғаны рас па

Таратылып жатқан хабарламаға сәйкес, вирус анықталған балмұздақ азық-түлік дүкенінен алынған. Оның үш данасы ғана тексерілгені айтылған
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік желіде Қытайда Тяньцзинь муниципалитетінде балмұздақ құрамынан коронавирустың жаңа штаммы табылғаны туралы хабар тарады. Бұл - жалған ақпарат, деп жазды Stopfake.kz

Осы ақпаратты бөлісіп жатқандардың айтуынша, жаңа штамм COVID-21 деп аталады.

Таратылып жатқан хабарламаға сәйкес, вирус анықталған балмұздақ азық-түлік дүкенінен алынған. Оның үш данасы ғана тексерілген. Олардан COVID-21 анықталғаннан кейін көшедегі барлық азық-түлік дүкені белгісіз мерзімге жабылды делінген.

"Қытайда балмұздақ партиясынан коронавирус табылғаны рас. Алайда бұл бұрын белгісіз болған жаңа штамм емес, ол COVID-19-ды тудыратын Sars-CoV-2", - делінген ақпаратта.

Skynews.com порталының хабарлауынша, Қытайда балмұздақтың үш үлгісінен коронавирус анықталды.

Лидс университетінің вирусологы Стивен Гриффин бұл бір рет болған жағдай деп санайды. Бұған вирус жұқтырған адамның балмұздақ өндіретін шикізатпен байланысы себеп болуы мүмкін.

Қазір балмұздақ партиясы саудадан алынды. Инфекция жұқтыруы мүмкін жағдайларды анықтау үшін сатып алушылар іздестіріліп жатыр. Азық-түлік дүкендерінің жабылғаны туралы ақпарат хабарланбады.