Қазақстандық мұнайшылар коронавирусқа қарсы вакцина салдыруды сұрады

KazServise өкілі вакцинациялауды, бірінші кезекте, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының жұмысшыларынан бастау керек екенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. KazServise Қазақстан мұнай сервисі компанияларының одағы премьер-министрден ірі кен орындарының жұмысшыларын тез арада вакцинациялауды сұрады. Бұл туралы Sputnik Қаақстанға KazServise жобалар жөніндегі басқарушысы Нияз Жұмат мәлімдеді.

Ол қазіргі таңда Теңізді болашақта кеңейту жобасында ремобилизация жүріп жатқанын нақтылады.

"Біздің 2021 жылдан күтеріміз мол. Ең алдымен, бұл Теңіз кенішін болашақта кеңейту жобасындағы ремобилизациямен байланысты. Қазір мобилизация белсенді жүріп жатыр. Құрылыс қарқын алған шақта аталған жобаға шамамен жазда 40 мыңнан астам адам жұмылдырылады деп күтілуде. Тағы бір өте жақсы жаңалығымыз – Қарашығанақты кеңейту жобасын қаржыландыру бойынша соңғы шешімге қол қойылды. Біз мұны көптен күттік. Бас мердігер анықталып та қойды. Қазақстандық құрам бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз", - деді Нияз Жұмат Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығының алаңында.

Қазақстандық мұнайшылар коронавирусқа қарсы вакцина салдыруды сұрады

Коронавирус жұқтырғандардың көбеюі мердігерлердің алаңдаушылығын туғызып отыр, деп жалғастырды ол.

"Мердігерлердің көбі біздің одаққа вакцина егу процесіне жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінді. Олар бірінші кезекте осы кен орындардың вахталық жұмысшыларына вакцина егуді сұрайды. Бұл кен орындарының экономика үшін маңызы өте зор. Осы кеніштердің бірінде жұмыс қайта тоқтап қалса, бұл нарыққа өте қатты әсер етуі мүмкін. Сол себепті Қазақстанның премьер-министріне жұмысшыларды тез арада вакцинациялау туралы сауал жолдадық", - деді Нияз Жұмат.

Ол вакцина салуды Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жұмысшыларынан бастау керек екенін айтты.

"Вакцинациялауды аталған кеніштердің жұмысшыларынан бастаған жөн. Өйткені бұл үш кен орны біздің экономика мен мұнай-сервис нарығына тікелей ықпал етеді. Қаржы мәселесі бойынша тараптар ортақ мәмілеге келеді деп санаймын",  - деді ол Sputnik Қазақстанға.

Өткен жылдың желтоқсанында Теңіз кенішінде барлығы 4,5 мыңнан аса жұмысшы вирус жұқтырғаны хабарланды. Олардың 95 проценті толығымен жазылып шыққан.

2021 жылдың 18 қаңтарындағы жағдай бойынша Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 718 адам емделіп жатыр. Атырау облысы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймаққа өтті.