Қоғам

BI Group басшысы миллиардтап қаржы жымқыру ісіне қатысты түсініктеме берді

Компания Алматы қаласындағы коронавирус жұқтырғандарға арналған аурухананың құрылысы кезінде ешқандай қаржылық пайда таппаған
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. BI Group холдингінің басшысы компания қызметкерлерін тұтқындау секілді жағдайдың болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, аурухана құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру фактісіне компанияның қатысы жоқ екенін айтты.

Айдын Рахымбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның Covid-19 инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған модульдік госпиталь салу кезінде 3,9 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша әкімдік қызметкері мен BI Group еншілес кәсіпорнының директорына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны туралы хабарламаға түсініктеме берді.

"Фейсбукке кірдім, ал мұнда... Алматы госпиталінің құрылысына қатысты біздің компанияның ешқандай құқыққа қарсы әрекеттерге қатысы жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдеймін. Сондай-ақ, компания аурухананы салу кезінде ешқандай қаржылық пайда таппады, әсіресе ұрлық пен ұстап алып кету болған жоқ. Қазіргі кезде біреу таратып отырған тексерілмеген ақпаратқа сенудің қажеті жоқ", – деп жазды Айдын Рахымбаев Facebook парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бюджет ақшасын жымқырды деген күдікпен Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевке қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

"Ұсталды" деген шенеунік қызметін жалғастыруда

Осы ақпарат тараған кезде Алматы әкімдігі Сапар Нұрашевтың қазір жұмыс орнында екенін мәлімдеді.

"Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы әлеуметтік желілер мен сайттарда жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Сапар Нұрашев қазір жұмыс орнында. Тергеуге дейінгі тексеруге қатысты қала әкімдігі барлық сұратылған ақпарат пен қажетті түсініктеме ұсынуға дайын", – делінген әкімдіктің ресми жауабында.

Сонымен қатар бұл іске "Bi-Industrial" ЖШС директорының да қатысы бар екені айтылды.

БАҚ ақпаратына сәйкес, әкімдік қызметкері мен құрылыс компаниясы директоры Алматыдағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына бөлінген 3,9 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Ал 280 төсек-орынға лайықталған аурухана құрылысына 5,9 миллиард теңге бөлінген.

Оқи отырыңыз: "Бәрі жала": желіде тараған аудиодағы дауыстың кімдікі екені белгілі болды

Айта кетейік, Сапар Нұрашев 2020 жылдың маусымында Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұрын ол аталған мекеме басшының орынбасары болған.

Ал BI Group басшысы Айдын Рахымбаев өткен жылдың соңында open-book ("ашық кітап" қаржылық есеп жүйесі) жариялауға уәде берді.

Алматыдағы модульдік аурухана Қазақстанда коронавирус індеті өршіп тұрған кезде 18 күнде салынған болатын.