Қоғам

Тоқаевтың көмекшісі коронавирусқа қарсы вакцинаны екінші рет салдырды

Президенттің көмекшісі қазақстандық вакцинаны бірінші рет салдырғаннан кейін ешқандай жағымсыз әсер сезбегенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин коронавирусқа қарсы вакцинаны екінші рет салдырды.

Қарин 16 қаңтарда екінші рет отандық QazCovid-in вакцинасын ектірді. Бұл туралы ол Facebook-те жазды.

"Вакцинацияның талабына сәйкес екі рет егілуі тиіс, яғни 21-22 күннен кейін. Мысалы, қытайлық вакцина 26-28 күннен кейін екінші рет егіледі. Бұл организмдегі иммунитетті күшейту үшін қажет. Алдағы үш күн су тигізбеу керек, спортпен айналысуға болмайды. Бірінші екпеден кейін қандай да бір жағымсыз әсер сезбедім", - деді президенттің көмекшісі.

Қарин отандық вакцинаны бірінші рет өткен жылдың 25 желтоқсанында салдырған болатын.

Айта кетсек, Қазақстанда 2021 жылдың наурыз айында COVID-19-ға қарсы отандық вакцинамен жаппай егу басталады.

19 желтоқсанда QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы басталды. Оның аясында вакцина 3 мың еріктіге егілді.

Ал Қазақстанда өндірілген ресейлік "Спутник V" вакцинасын жаппай егу 2021 жылдың ақпан айында басталады деп жоспарланып отыр.