Қоғам

Қазақстанда Stoppedofil сайты іске қосылды

Авторлардың айтуынша, мемлекеттік органдар мұндай бастаманы әлі қолдай қоймағанымен, болашақта бірлесе жұмыс істелетіндігіне сенім артады
Sputnik

АЛМАТЫ, 18 қаңтар – Sputnik. Құқық қорғау органдары академиясының докторанты Арман Завотпаев пен Әлия Әбішева өp бастамасымен stoppedofil.kz сайтын ашты. Бұл жерде барлық қажетті ақпаратты, сонымен қатар психологиялық көмек алуға болады.

Арман Завотпаевтың айтуынша, қазір балаларға қатысты жыныстық әрекеттер өзекті әрі маңызды мәселе болып отыр. Сол себепті мамандандырылған сайт ашылды.

"Сайт ашу туралы ой бұрыннан бар еді, себебі бұл мәселе қазір өзекті болып отыр. Бұл – жеке бастама. Сайт диссертациялық зерттеу аясында ашылды. Құқық қорғау органдары академиясының докторанттары болғандықтан осы тақырыпты зерттей отырып, оны әртүрлі аспектіде қарастырамыз. Міндет – құпия сақталу деңгейін төмендетуге қол жеткізу және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы профилактиканы күшейту", – деді сайт авторларының бірі Арман Завотпаев Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Ол мемлекеттің педофилияны жою үшін бірқатар шаралар қабылдайтынын, соның ішінде зорлаушыларға қатысты жазаны күшейтетінін айтты. Сонымен қатар қылмыстың осы санатын жасауға бейім адамдардың есебі жүргізіледі. Десек те, мұндай іспен тек құқық қорғау органдары мен арнайы ұйымдар ғана емес, жалпы қоғам айналысуы керек.

"Сайттан әр адам өзі үшін пайдалы ақпаратты – тәжірибелі психолог, заңгер және басқа да мамандардың кеңесін таба алады. Сонымен қатар ыңғайлы болу үшін көмек алуға болатын нөмірлер көрсетілген. Оларға жасырын түрде хабарласуға болады. Өйткені, уақытылы әрекет ету және көмекке жүгіну балаларға қатысты қылмыстың алдын алады және өмірін сақтап қалады", – дейді сайт авторы Әлия Әбішева.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың ақшасы танымал сайт арқылы ұрланып жатыр

Айтуынша, мемлекеттік органдар мұндай бастаманы әлі қолдай қоймаған. Бірақ уақыт өте келе олар бұл істе тізе қоса еңбек ететіндігіне сенімді.

"Болашақта бірге жұмыс істейміз деген үміт бар, өйткені бұл мәселені шешумен барлығы, бүкіл қоғам айналысуы керек. Бұл – әлеуметтік маңызды мәселе, яғни мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың құзыретіне кіреді", – деп есептейді Арман Завотпаев.

Сайт қазақ және орыс тілінде жұмыс істейді.