Өңірлер

Павлодар облысының бас санитар дәрігері жаңа қаулы жариялады

Шектеу қоғамдық тамақтану, сауда және ойын-сауық орталықтарының, базарлар мен спорттық ғимараттардың жұмыс уақытына өзгеріс енгізеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысының мемлекеттік бас санитары карантиндік шараларды күшейту туралы жаңа қаулыға қол қойды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Ғизат Әбешевтің айтуынша, карантиндік режимнің күшеюі аймақта коронавируспен сырқаттанушылықтың көбеюіне байланысты. Өзгерістер негізінен тамақтану, сауда және спорттық нысандардың жұмыс режиміне әсер етеді.

  • Мейрамхана, дәмхана, бар мен асханалар келушілерді таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін қабылдай алады, ал тапсырыстарды таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін жеткізеді (бұрын шектелмеген болатын).
  • Сенбі, жексенбі күндері сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарларының, азық-түлік емес дүкендерінің жұмысы тоқтатылады. Жұмыс күндері сауда орталықтары мен сауда үйлері және азық-түлік емес дүкендер 22.00-ге дейін, жабық базарлар – 19.00-ге дейін жұмыс істей алады.
  • Сондай-ақ аптаның демалыс күнінде спорттық кешендер мен басқа да спорттық нысандар, монша, сауналар, СПА орталықтар жабық болады. Жұмыс күндері олардың қызмет көрсетуіне сағат 08.00-ден 22.00-ге дейін рұқсат етіледі.
  • Сенбі және жексенбі күндері қоғамдық көліктер жүрмейді.
  • Ұйымдар мен мекеме қызметкерлерінің 80% қашықтағы форматқа ауыстырылды.

Осы ереже 2021 жылғы 20 қаңтарда 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Қазақстан аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау көрсеткішіне сәйкес, 17 қаңтарда Павлодар облысы "қызыл" аймаққа кірді. Ол кезде облыста тәулігіне 135 COVID-19 жағдайы қосылған болатын. Одан кейін өңірде аурудың 155 жаңа жағдайы анықталды.

Оқи отырыңыз: "Айына 100 миллион табады": карантин пайдасын кімдер көріп отыр

Қазір Павлодар облысы диагноз қойылған науқастар санының күн санап өсуі бойынша республикада көш бастап тұр.