АЛМАТЫ, 18 қаңтар – Sputnik. Коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен Мейрамбек Бесбаевтың жағдайы жақсы, қазір әнші палатаға шықты. Бұл туралы "Музарт" тобының директоры Ерлан Жүнісбай Sputnik Қазақстан тілшісіне хабарлады.
"Ауруханада жатыр, жағдайы жақсы. Хабарласып отырмыз. Коронавирустың жеңіл түрімен ауырып қалған. Қай күні ауруханадан шығатыны белгісіз, біраз уақыт дәрігерлердің бақылауында болады", - деді Жүнісбай.
Айтуынша, ауруханаға түсер алдында әнші науқастанып қалған соң анализ тапсырып, үйінде болған.
"Қан қысымы түсіп кеткен соң жедел жәрдеммен емханаға жеткізілді. Ол уақытта коронавирустың бар-жоғы нақтыланып қойғаны немесе індет жұқтырғанын білген-білмегенінен нақты хабарым жоқ. Себебі көзбе-көз кездеспеген соң науқас адамға қайта-қайта хабарласып, мазасын ала бергіміз келмеді. Қазір палатаға шықты, жағдайы жақсы. Денсаулығына еш шағымы жоқ", - деді топтың директоры.
Ал әншінің өзі көпшіліктің ақжарма тілек білдіріп, саулығын тілеп жатқанын жақсы қабылдаған.
Айтылып жатқан тілектерді көріп-оқып көңіл-күйі көтеріліп қалды. Дәрігерлер де қолынан келгенше көмектесіп, барын салып жатыр, деп толықтырды ол.
"Мейрамбек ауырып қалғанын жарияламайтын еді, бірақ бір жағынан халық та аурудың бар екенін түсінсін деп санады. Ал бірнеше жерде Мейрамбектің бұрын коронавирусқа сенбегені жайлы ақпарат жүр. Ол – жалған. Ондай сөз айтылған жоқ. Керісінше халыққа індеттің бар екенін айтып, көпшілік жиналатын орындарға бармауға шақырып жүрді", - дейді Ерлан Жүнісбай.
Айтуынша, отбасы да коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырды.
"Келіншегі, бала-шағасы аурудан аман. Коронавирусқа тапсырған сынама бәрінде теріс шықты. Мейрамбек соңғы уақытта көп адаммен кездескен жоқ. Себебі жаңа жылға дейін де, жаңа жылдан кейін де жұмыс істеген жоқпыз, көпшілік жерге бармадық, негізінен, үйінде болды", - дейді ол.
Сондай-ақ, Бесбаев қай жерде инфекция жұқтырғанын білмейді, деді топтың директоры.
Айта кетейік, 17 қаңтарда әнші Мейрамбек Бесбаевтың коронавирус инфекциясымен ауруханаға түскені хабарланды. Қазір әнші Алматыдағы ауруханада ем қабылдап жатыр.