Саясат

"Микрофон өшіру артта қалды": Перуашев Нығматулиннің кандидатурасы туралы айтты

Азат Перуашевтің айтуынша, депутаттар Нығматулин алтыншы шақырылымның төрағасы болған кезде ойын ашық айтуға мүмкіндік алды
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасы VII шақырылмның мәжіліс төрағасы қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Перуашевтың франкциясы өз кандидатурасын ұсынуға дайын болғанымен, көпшілік партия құптаған кандидатураны қолдауды дұрыс деп тапқанын атап өтті.

"Өйткені, Нұрлан Нығматулинмен біраз жыл тығыз жұмыс істеп, талай күрделі жағдайдан өтіп, оның ұйымдастырушылық қабілетіне, адамгершілігіне, кәсібилігіне куә болдық. Көпшілік партия өкілі болса да, парламент ішіндегі партияаралық тең дискуссияларда әділ төреші болды", – деді "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Айтуынша, депутаттар Нұрлан Нығматулин алтыншы шақырылымның төрағасы болған кезде ойын ашық айтуға мүмкіндік алды.

"Мен бірде бізге сөз берілмей, микрофондарымыз өшірілген кездер болғаны туралы айттым. Бұл мәжілісті басқа кісілер басқарып тұрған кездегі жағдай еді. Нұрлан Нығматулиннің бұл қызметке келуімен біз өз пікірімізді ашық айтуға мүмкіндік алдық. Микрофон өшіру өткен шақта қалды", – деді "Ақ жол" партиясының жетекшісі.

Айта кетейік, бұған дейін Nur Otan төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс төрағасы қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды.

Сонымен қатар мәжілістегі Nur Otan фракциясының отырысында Нұрлан Нығматулин фракция басшысы қызметіне сайланды.

Оқи отырыңыз: Семей республикалық маңызы бар қалаға айналуы тиіс – Перуашев ұсыныс жасады