АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Қазгидромет синоптиктері 2021 жылдың 16-18 қаңтарында ауа райы қандай болатынын жариялады.
Сенбі, жексенбі күндері республиканың батысы мен солтүстігінде Жерорта теңізі циклонының әсерінен ауа райы тұрақсыз болады.
Кей жерлерде жауын-шашын түседі, батыста қар мен жаңбыр араласып, солтүстікте қар жауады.
Сондай-ақ кей жерлерде жел күшейіп, боран соғады, ауа температурасы көтеріледі. Қазақстанның қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түседі.
Мегаполистерде ауа райы қандай болады
Нұр-Сұлтанда түнде минус 13-15 градус, күндіз 4-6 градус аяз болады.
Алматыда түнде минус 8-10, күндіз плюс 5-7 градус.
Шымкентте түнде плюс 1-3, күндіз 15-17 градус жылы болады.
Дабылды ескерту жарияланды
Ақмола облысының кей жерлерінде бұрқасын болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 метр жел соғады.
"Ақтөбе облысының кей жерінде тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, секундына 18 метр жылдамдықпен жел соғады. Мұғалжар ауданында түнде желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді", – делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысының кей жерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы – 15-20 м/с, күндіз екпіні секундына 25 м/с жетеді.
16 қаңтарда Қызылорда облысының кей жерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 м/с-ке жетеді.
Қостанай облысының кей жерінде бұрқасын болып, тұман түседі. Күндіз кей жерлерде көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен секундына 15-20 м/с жел соғады.
Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түсіп, күндіз бұрқасын болады. Жел оңтүстік, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады.
Петропавлда түнде оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.