НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Жылжымайтын мүлікті тіркеу мерзімін бұзғаны үшін айыппұл алынып тасталады. Сенаторлар тиісті заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, заң осы саладағы шараларды заман талабына сай реттеуге мүмкіндік береді.
"Өзгерістер мен толықтырулар жылжымайтын мүлікті тіркеу мерзімін сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікті алып тастауға бағытталған. Сондай-ақ, меншік иелерінің (меншік иесі өз қалауы бойынша, апаттық жағдайдағы) бұзылған жылжымайтын мүлік нысандарына құқықты тоқтату тетіктерін бекітуге, соған байланысты мемлекеттік және жергілікті органдардың құзыретін белгілеуге бағытталған", - деді Бекназаров сенаттың жалпы отырысында.
Сонымен қатар, адвокаттар, құқық қорғаушылар, соттар, сот орындаушылары, мемлекеттік кіріс органдары мен нотариустар жылжымайтын мүліктің нақты объектісі бойынша мәліметті құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесімен интеграциялау арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан алуға құқылы болады.
Заң жобасының негізгі міндеттері:
- жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау;
- қатысушы жарғылық капиталдағы үлесін иеліктен шығару кезінде шаруашылық серіктестікті қайта тіркеу үшін қажетті құжаттар тізбесін анықтау;
- құқық ауыртпалықтарын тоқтатуды тіркеу мерзімдерін белгілеу;
- жылжымайтын мүлік объектісін бұзуды растайтын құжатты ресімдеу тетігін бекіту;
- жылжымайтын мүлік құқықтарын (ауыртпалықтарын) тіркеу саласында электрондық жүйелердің интеграциялық өзара іс-қимылын енгізу.
Бүгін сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қарап, бірауыздан қабылдады. Заң президентке жіберілді.