Әлем

АҚШ-та соңғы 68 жылда тұңғыш рет әйел өлім жазасына кесілді 

Сотталған америкалық жүкті әйелді өлтіріп, оның сәбиін ұрлау фактісі бойынша кінәлі деп танылды 
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 қаңтар — Sputnik. Америкада 1953 жылдан бері алғаш рет әйелге қатысты өлім жазасы жүзеге асырылды. Ол қатігездікпен кісі өлтірді және бала ұрлады деп айыпталды.

Сотталған әйелдің қорғаушылары бұл үкіммен келіспейтінін айтып, қылмыс жасаған адамның психикалық ауытқуы болғанын алға тартты, деп жазды Deutsche Welle. 

52 жастағы Лиза Монтгомериге қатысты өлім жазасы Индиана штатындағы Терре-Хот түрмесінде орындалды. 13 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша сағат 01:31-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 12:31) әйелдің көз жұмғаны тіркелді. 

Монтгомери 2004 жылы 23 жастағы Бобби Джо Стиннетті өлтірді деп айыпталды. Қайтыс болған Бобби Стиннет нәресте күтіп жүрген. Оның құрсағындағы баласына сегіз ай болған. 

Қылмыскер өз құрбанын тұншықтырып өлтірген. Содан кейін оның ішін жарып, құрсақтағы баласын ұрлап кеткен. Тергеу барысында ол қылмысын мойындады. Сәби тірі қалды. 

Монтгомери 1953 жылдан бері алғаш рет өлім жазасына кесілген әйел. Жалпы, АҚШ билігі елдегі өлім жазасына мораторийді 2020 жылдың шілде айында алып тастаған болатын. 

Сотталғанның қорғаушысы Келли Генри өлім жазасы авторитарлық биліктің заңсыз әрі қажет емес белгісі екенін айтты. Ол қылмыс жасаған әйелдің психикалық ауытқуы болғандықтан, сот заңсыздыққа жол беріп отыр деп санайды. Келли Генри сот отырысы кезінде сотталған америкалыққа қатысты ең ауыр жазаны қолдануға болмайтынын дәлелдеуге тырысты. Сондай-ақ, ол Монтгомеридің бала кезде сексуалдық зорлықты бастан кешкенін мәлімдеді. 

Сот үкімін орындау барысында әйелге адамды өлтіретін дәрі егілді.