НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Елордада мүгедек баламен болған жағдайдан кейін қоғамдық көлік жүргізушісі жұмыстан қуылды. Бұдан бөлек, ер адам әдепсіз әрекеті үшін әкімшілік жазаға тартылды.
"№60 бағдарда жұмыс істеген автобус жүргізушісі жолаушыларды бекітілген ережеге сәйкес мінгізбеген. Бейнежазба жағдайды растап отыр. Тәртіптік кеңестің шешімімен жіберілген қателік үшін жүргізушімен арадағы еңбек шартының күші жойылды", - деді CTS компаниясының баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.
Бұдан бөлек, әкімшілік полиция департаменті барлық материалды зердедеп, ер адамды әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 593-бабы, 1-бөлігі (жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамау) бойынша жазаға тартты. Автобус жүргізушісіне 5 АЕК (14 585 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Осы оқиғадан кейін автобустарда жолаушыларды мінгізу мен түсіру ережелері бойынша арнайы бюллетень шығарылып, барлық жүргізушілерге таратылды.
Айта кетейік, бұған дейін Facebook қолданушысы №60 автобуста болған жағдай туралы жазған болатын. Оның айтуынша, "Министрліктер үйі" аялдамасында автобус жүргізушісі есікті ашқан. Осы кезде ортаңғы есіктен мүгедек баласы бар әйел кіргісі келді. Баласын мінгізгені сол еді, автобус жүріп кетті. Мүгедек баланың анасы мініп үлгермеді. Содан есікті бірнеше рет қақты. Бірақ жүргізуші оған қараған жоқ. Әйел келесі аялдамадан да кіре алмады. Мүгедек баласының салонда қалып қойғанын айтса да, автобус жүргізушісі тыңдаған жоқ. Үшінші аялдамада ғана әйел көлік ішіне кіре алды.