Қоғам

Қиясов Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы туралы айтты

Бас санитар коронавирустың екінші толқыны туралы айтқан болатын. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде ауруға шалдығу көрсеткішінің өскені байқалып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Қаңтардың соңында эпидемиологиялық жағдай нашарлауы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер жаңа жылдық мерекелер мен сайлаудан кейін науқастардың көбеюіне қатысты сұрақ қойды. 

"Жаңа жылдық мерекелер болды. Сайлау өтті. Иә, сақтық шаралары қолға алынды. Дегенмен, екі апталық инкубациялық кезең бар ғой. Министрлік осы айдың соңында жағдай нашарлап кететінін күтіп отырған жоқ па?" - деді тілшілер. 

Бас санитардың айтуынша, қаңтардың соңында эпидемиологиялық жағдай нашарлайды деген болжам бар. 

"Күтіп отырмыз деп айта алмаймын. Бірақ кейбір аймақтарда жағдай нашарлап кетуі ықтимал. Осындай болжам бар", - деп жауап берді Қиясов. 

Айта кетейік, бүгінгі брифингте бас санитар коронавирустың екінші толқыны туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде ауруға шалдығу көрсеткішінің өскені байқалып отыр.

Эпидемиологиялық жағдай пессимистік сценариймен емес, нақты сценариймен өрбіп жатыр. Соған қарап, екінші толқынның даму кезеңінде тұрмыз, деген болатын Қиясов.