Қоғам

Денсаулық министрлігі COVID-19-дың екінші толқыны басталғанын хабарлады

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі желтоқсан-қаңтар айында болатынын айтқан болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирустың екінші толқыны туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ауруға шалдығу көрсеткіші өссе, оны "бірінші,екінші толқын" деп бөлмейміз. Бірақ, шыны керек, қазір аурудың өскені байқалып отыр. Сондықтан эпидемиологиялық жағдай пессимистік сценариймен емес, нақты сценариймен өрбіп жатыр. Соған қарап, екінші толқынның даму кезеңінде тұрмыз деуге болады", - деді Қиясов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, осы айдың аяғында эпидемиологиялық жағдай нашарлайды деген болжам бар.

"Кейбір аймақтарда жағдай нашарлауы мүмкін", - деп атап көрсетті Қиясов.

Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі желтоқсан-қаңтар айында болатынын айтқан. Бұл – пессимистік болжам. Бірақ эпидемиологиялық жағдай жақсарған.

Ал 7 желтоқсанда өткен онлайн брифингте Қиясов пессимистік болжам бойынша коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі қаңтардың аяғына және ақпанның басына келеді деген еді.

Кейін денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов екінші толқынның негізгі көрсеткішін атады. Оның сөзіне қарағанда, ауруханаларда төсек-орындардың 70 проценті толса, коронавирустың екіншісі кезеңі басталды деген сөз.

Айта кетейік, соңғы бір тәулік ішінде республика бойынша 766 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Коронавирустан сегіз адам, ал пневмониядан төрт адам қайтыс болды. Бір күн бұрын 692 науқас тіркелген болатын. 

Жалпы, пандемия басталғалы республикада 164 477 науқас анықталып, 2 377 адам қайтыс болды. Тамыздан бері коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония диагнозымен 46 499 науқас тіркелді, 530 адам қайтыс болды.