Оқиға

Алматыда әлем тарихында көлемі жағынан екінші героин партиясы жойылды

Аса ірі көлемдегі есірткі партиясы халықаралық арнайы операция кезінде тәркіленген
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Алматыда жалпы салмағы 1,1 тоннадан асатын героин жойылды. Бұл – есірткімен күресте тарихында көлемі жағынан екінші тұрған героин партиясы, деп хабарлады Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі.

Алматы экономикалық тергеу департаменті 1,1 тоннадан асатын героиннің аса ірі партиясын жойды. Комитеттің хабарлауынша, есірткі 2019 жылдың қазанында Қазақстан аумағына "өңделген мәрмәр" деген атаумен жүк ретінде жеткізілген. Нидерландыға жөнелтілген тауарды тексеру кезінде тергеушілер героин салынған 2 208 брикетті анықтады. Ұйымдасқан қылмыстық топ есірткі транзитін Ираннан Еуропалық Одақ елдеріне өткізуді жоспарлаған.

Есірткі Германия, Ресей, Беларусь, Литва, Польша және Нидерланды құқық қорғау және кеден қызметтерінің көмегімен өткізілген халықаралық арнайы операция кезінде тәркіленді.

Есірткінің бір бөлігі Қаржы мониторинг комитеті қызметкерлерінің бақылауымен Германияға жеткізілген, ол жерде тауарды алу кезінде Түркия азаматтары ұсталған.

Қазір осы іс бойынша Қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігіне (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.