АЛМАТЫ, 12 қаңтар – Sputnik. Екібастұз полицейі бойжеткенге ерекше көмек көрсетті – ол отбасылы ер адамды қыздың мазасын алмауға көндірді, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бойжеткен Екібастұз қаласының полициясына хабарласып, танысымен қарым-қатынасын реттеуге көмек сұраған. Айтуынша, ер адамның отбасылы екенін білгеннен кейін онымен кездесуден бас тартқан. Алайда ер адам сонда да соңынан қалмай, сыйлық жасап, гүл сыйлап, тәуліктің кез келген уақытында хабарласқан. Сол үшін отбасын тастап кеткенін айтқан.
"Қыз мұндай әрекетті ізіне түсу деп қабылдап, полициядан көмек сұрады", - деді облыстық полиция департаменті штаб-басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Мұратхожин.
Учаскелік инспектор 37 жастағы екібастұздықпен кездесіп, профилактикалық шара өткізді. Бойжеткеннің басқа ер адаммен кездесетінін, бұл қарым-қатынасты әрі қарай жалғастырғысы келмейтінін түсіндірді. Ер адамға өз отбасын ойлауы қажет екенін айтып, қызды аңдығанды қоймаса, жазаланатынын ескертті. Ер адам бойжеткенді мазаламайтынын айтты.