Өңірлер

Облыстардың бірінде демалыс күндері локдаун енгізіледі

Облыс әкімдігі мереке күндері Талдықорған мен оған жақын аудан тұрғындары санитар дәрігер талаптарын сақтамағанын атап өтті
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 қаңтар – Sputnik. Алматы облысының кей ауданы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" және "сары" аймақта тұр. Соған байланысты Талдықорған қаласы мен екі ауданда шектеу шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 13 қаңтардан бастап Талдықорған қаласында, Көксу, Ескелді аудандарында демалыс күндері қосымша шектеулер енгізіледі.

12 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 7 730 адам коронавирус жұқтырды. Облыста науқастардың саны  2020 жылдың қазан айынан басталды, инфекцияның тіркелуі 3 айда 7,5 есеге артты: қыркүйек – 74 адам, қазан – 184 адам, қараша – 591 адам, желтоқсан – 1 386 адам. 

Қаңтарда 11 күн ішінде 597 адам тіркелді. Қазір 434 адам ауруханада емделіп жатыр, 29 адамның жағдайы ауыр, 357 адам амбулаториялық деңгейде емделуде. Науқастардың 40%-і қоғамдық орындарда, 25%-і отбасыда жұқтырған.

"Бұл мереке күндері қала мен оған жақын аудандардың тұрғындары санитар дәрігер талаптарын сақтамай, шектеу шараларын бұзғанын көрсетеді", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Жаңа жылдық демалыстан кейін Талдықорғанда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделенген. Бағалау матрицасына сәйкес, қала "қызыл" аймақта тұр, ал Көксу, Ескелді және Панфилов аудандарында "сары " аймақта. 11 қаңтарға дейін Талдықорған қаласында 135 адам, Көксу ауданында 62 адам, Ескелді ауданында 41 адам инфекция жұқтырған.

Демалыс күндері қай нысан жабылады

  • мейрамханалар мен дәмханалар (алып кету және жеткізу қызметіне шектеу қойылмайды),
  • ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (азық-түлік базарларын, дәріханаларды, сұлулық салондарын, химиялық тазарту орындарын қоспағанда),
  • жабық базарлар (азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлар), 
  • сауналар мен СПА салондардың, спорт-сауықтыру орталықтары,
  • мұз айдындары.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты 21 қаңтарына дейін аталған аймақтардағы мектептер онлайн форматта оқиды.