Қоғам

Белгілі математик қиын есептің жауабын тапқандарға 600 мың теңге береді

Асқар Жұмаділдаев осыдан он төрт жыл бұрын жасырған есебін шығару мүмкін емес дейді, айтуынша, ол өте қиын теңдеу
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Белгілі математик, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Асқар Жұмаділдаев өзі жасырған есептің жауабын тапқандарға 1400 доллар (бүгінгі бағаммен – шамамен 590 мың теңге) береді.

Бұл туралы ол  "Qazaqstan" ұлттық арнасындағы "Tańsholpan" бағдарламасында айтты.

Академиктің есебі – х!+1=у2. Айтуынша, бұл теңдеуді елу жасқа толғанда жасырған. Ол кезде сыйақы құны 100 доллар еді.

"Бұл есепті мен 50 жасымда бергенмін. х!+1=у2 деген есеп. Қазір оның бағасы 1400 доллар болды. Жыл сайын 100 долларға көбейеді. Мен өлгенше 100 долларға өсіп тұрады", - деді 64 жастағы профессор.

Бұл өте қиын есеп, оны шығару мүмкін емес, деп жалғастырды математик.

"Мен өзім де шығара алмаймын. Шығара алмайтын есептер көп қой", - дейді Жұмаділдаев.

Асқар Жұмаділдаев 1956 жылы 25 ақпанда Қызылорда облысында туған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Соңғы жылдары академик жастардың математикаға ынта-ықыласын ояту үшін байқау ұйымдастырып жүр. Есепті шығарғандарға сыйақы беріледі.