Қоғам

Досаев қазақстандықтардың кредиті туралы айтты

Досаевтың айтуынша, экономикаға кредиттер жыл басынан бері қарашаның соңында 14,65 триллион теңгеге дейін артты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. 2020 жылдың қаңтарынан бері қазақстандықтардың кредиті 10,5%-ке, 7,36 триллион теңгеге дейін өсті. Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"2020 жылдың басынан бастап халықтың кредиттері 7,36 триллион теңгеге дейін, 10,5%-ке ұлғайды. Оның ішінде тұтынушылық қарыз 3,2%-ке, 4,3 триллион теңгеге дейін, ипотекалық қарыздар 27,8%-ке, 2,3 триллион теңгеге дейін өсті", – деді Досаев үкімет отырысында.

Айтуынша, экономикаға кредиттер 2020 жылдың басынан бері қарашаның соңында 5,6%-ке, 14,65 триллион теңгеге дейін артты. Ал қысқа мерзімді кредиттер 3,0%-ке, 2,1 триллион теңгеге дейін өсті.

Депозиттер

Банк жүйесіндегі депозиттер 2020 жылдың басынан бері 15,3%-ке ұлғайып, 21,9 триллион теңгені құрады. Депозиттер, негізінен теңгедегі салымдардың өсуі есебінен артқан.

Ұлттық валютадағы салымдар 23,1%-ке, 13,3 триллион теңгеге дейін, валюталық салымдар 5,1%-ке, 8,6 триллион теңгеге дейін өсті.

Оқи отырыңыз: Ауылда әр отбасының мойнында 900 мың теңге кредит бар – ҰКП төрағасы

Соның нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі 2020 жылдың қарашасында 39,3%-ке дейін төмендеді.