Өңірлер

Сайлаудан кейін кімдер үш күн карантинде болады

Шығыс Қазақстанда 10 қаңтарда өткен парламент сайлауын ұйымдастыруға қатысқан қызметкерлер үй карантиніне жабылады, содан кейін ПТР тест тапсырады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Хамит Елубаев сайлау комиссияларының мүшелерін үш күн мерзімге карантинге жіберуге өкім етті.

Сайлау комиссияларының мүшелері Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі және мәслихаттар сайлауының қорытындысы шыққан сәттен бастап 72 сағат мерзімге үйде оқшаулануға (үй карантині) міндетті.

72 сағаттан кейін олар ПТР әдісі арқылы COVID-19-ға қарсы бақылау тестінен өтуі қажет.

"Егер нәтиже оң болса, жұмыстан шеттетіледі; егер COVID-19 инфекциясының белгілері болса, емделеді; егер нәтиже теріс болса, өз қызметтік міндетін орындауды жалғастырады", - делінген санитар дәрігердің қаулысында.

Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасына медициналық бақылау жасау және ПТР әдісін қолдана отырып, COVID-19-ға қарсы тестілеу тапсырылды.

Еске сала кетейік, сайлау алдында сайлау комиссияларының мүшелері COVID-19-ға қарсы тестілеуден тегін өткен болатын.