АЛМАТЫ, 11 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік желіде беліне сүлгі орап, балконнан салбырап тұрған ер адам түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Бірі мұны көңілдестің әрекеті деп болжаса, енді бірі адамның жеке өмірін талқыламауға шақырды. Алайда бұл видео әдейі түсірілген болып шықты.
Видеодағы ер адам – алматылық пранкер Аян Першанов. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында өзінің жаңадан бастап жатқан пранкер екенін, осылайша танылғысы келгенін айтты.
"Мен қандай да бір жолмен танылғым келді. Оның өзі талқыға түсетіндей болуы қажет еді. Содан кейін назар аудартудың осындай әдісін ойлап таптым. Сатқындық жасауға байланысты көрініс қоятын болдық. Алайда оны қалай жеткізу керек екенін білмедік, нәтижесін көріп отырсыздар", - деді ол.
Айтуынша, өзі жоспарлағандай адамдар сол видеодан кейін әлеуметтік желідегі парақшасына тіркеле бастаған.
"Иә, тіркелгендер саны айтарлықтай артты. Арасында хат жіберіп жатқандар да бар. Вайнер, пранкерлердің қайталана беретін видеоларынан шаршадық, жаңа форматтағы пранкердің шығып жатқаны қуантады, сізге рақмет" деп жазып жатыр. Соған қарағанда адамдарға ұнаған сияқты", - деді пранкер.
Ол уақыт өткен сайын видеолардың да қызық болатынына уәде берді.
Айта кетейік, Аян Першанов видеоның бір бөлігін парақшасында жариялап, толық нұсқасын жүктейтінін айтты. Видео соңында бойжеткен жігіттің үйге кіруіне көмектеседі. Оның айтуынша, бұл қыз үнемі қасынан табылатын жан, екеуі бірге уақыт өткізіп, бірге жаттығады.
Видео Алматы қаласы Абылайхан көшесі бойындағы үйлердің бірінде түсірілген.