Қоғам

Қазақстанда 200-ге жуық колледж маман даярлау құқығынан айырылды

Колледж студенттері басқа оқу орындарына ауыстырылған, оқытушыларға да жұмыс табылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі 196 колледжден 500 мамандық пен 738 біліктілік бойынша лицензияға қосымшаларын қайтарып алды. Бұл туралы білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Колледждер белгілі бір мамандықтар бойынша студенттерді оқытқанымен, бейіні мен білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес болмай шықты", - дейді Көбенова.

Оның айтуынша, маман даярлау құқығынан айырылған колледждердің студенттері басқа оқу орындарына ауыстырылды. Оқытушыларға да жұмыс табылды. Ал осы бағыттағы мониторинг колледждерде ғана емес, жоғары оқу орындарында да жүргізіліп жатыр.

"Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру бойынша тапсырма берген болатын. Шын мәнінде, елімізде сапалы білім беретін колледждер көп, бірақ бәрі бірдей емес. Осы орайда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, дегенмен қатаң шаралар да қабылданады", - деп атап көрсетті Көбенова.

Комитет басшысы медициналық колледж қаржыгерлерді, бухгалтерлер мен программистерді, агротехникалық колледж мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерін, ал құрылыс колледжі дене шынықтыру мұғалімдерін және тағы басқа бағыттар бойынша маман даярласа, сапалы білімнің болмайтынын ерекше атап өтті.

"Тіпті, бұл оқу орындарының қажетті базасы, тиісті кадрлары мен оқу үрдісіне қажет жабдықтары да жоқ болғанын айта кеткен жөн", - деді комитет төрайымы.