Қоғам

Бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан бес адам қайтыс болды

Министрліктің хабарлауынша, қазір 277 науқас ауыр жағдайда жатыр, соның 53-і – хәл үстінде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі өткен тәулікте індеттен көз жұмғандардың статистикасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өткен тәулікте үш адам коронавирустан, екі науқас COVID-19 белгілері бар пневмониядан қайтыс болды.

Сондай-ақ, 780 адамда коронавирус анықталды, ал 105 науқаста пневмония диагнозы расталды.

Пандемия басталғалы республикада барлығы 162 273 адам вирус жұқтырды, 2 359 пациент көз жұмды.

Бірінші тамыздан бері 46 323 қазақстандық пневмониямен ауырды, 524 науқас қайтыс болды.

10 қаңтардағы мәлімет бойынша, қазір 23 138 адам короновирус инфекциясынан (11 243 КВИ+ және 11 895 КВИ-) емделіп жатыр. Соның ішінде 5 608 пациент стационарда, 17 530 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Министрліктің ақпаратынша, 277 науқас ауыр жағдайда жатыр, соның 53-і – хәл үстінде, ал 44 адам жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған.