НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтанда №122 сайлау учаскесінде бейнебақылау камераларын скотчпен желімдеп тастаған. Учаске төрағасы Мұрат Бекеев бұған Орталық сайлау комиссиясының қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаладағы №122 сайлау учаскесінде бейнебақылау камераларын скотчпен жапсырып тастаған.
Учаске төрағасы Мұрат Бекеев Sputnik Қазақстанға камераларды Тұран, 1 мекенжайы бойынша орналасқан бизнес орталық ғимаратының ішкі қауіпсіздік қызметі желімдегенін айтты.
"Сайлау туралы" Конституциялық заңның 3-бабы 1-тармағына сәйкес, сайлау жасырын дауыс беру жағдайында өткізіледі. Осыған байланысты сайлау учаскелерінде стационарлық бейнебақылау камералары жұмыс істемейді, жұмыс істемеуі де керек. Тиісінше, барлық камера, соның ішінде мектептерде (басқа да сайлау учаскелерінде) сөндірілуі тиіс", - деп түсіндірді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова.
Бұған дейін елордадағы №145 сайлау учаскесінде төбенің ішінара опырылғаны хабарланған еді. Дауыс беру орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желіде тарады.
Мәжіліс сайлауы
Жексенбі, 10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліске депутаттарды сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру елорда уақытымен 07:00-ден 20.00-ге дейін жалғасады.
Парламенттік сайлауда 11 миллионнан астам қазақстандық дауыс бере алады.
Сағат 10.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 11,6 проценті өз таңдауын жасады.
Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауының соңғы қорытындысын жеті күн ішінде – 2021 жылдың 17 қаңтарына дейін жариялайды.