Өңірлер

Қостанай тұрғыны екі учаскеде дауыс берген: комиссия мүшелері жұмыстан шеттетілді

Қостанай облысы сайлау комиссиясының төрағасы тұрғынның екі учаскеде дауыс беру туралы жазбасына қатысты мұқият тексеріс жүргізілгенін хабарлады
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 қаңтар – Sputnik. Қостанай қаласының тұрғыны екі сайлау учаскесінде дауыс беріп, ол жайлы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды жергілікті "Қостанай жаңалықтары" басылымы.

Владимир Крикун есімді азамат Facebook парақшасында қалай екі рет дауыс бергенін жазды. Айтуынша, ол бұрын тіркеуде болған аудандағы сайлау учаскесіне барған. Ол жерде тізімде тек ата-анасы табылған, соған қарамастан сайлау учаскесінде жұмыс істеп жатқандар сол жерде тіркейтінін айтып, бюллетень ұсынған.

Содан кейін ер адам өзі тіркелген учаскеге барған, ол жерде тізімнен табылған. Айтуынша, учаскедегілерге бұған дейін дауыс бергенін айтқан. "Біз сізге бюллетень беруге толық құқылымыз" деген учаскедегілер.

Қостанай облысы сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко осы жағдайдан кейін қандай шара қолданылғанын айтты.

"Владимир Крикунның Facebook желісінде екі учаскеде дауыс беру туралы жазбасына қатысты мұқият тексеру жүргізгенімізді айтқым келеді. Барлық факті зерттелді, сайлау туралы заңның тиісті бабына сәйкес қалалық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерін жұмыстан шеттету туралы шешім қабылдады. Олар осы сайлау учаскесінде тіркелмеген сайлаушыға бюллетеньдер берген", - деді Малашко.

Сонымен қатар дауыстарды санау кезінде ол бюллетеньдер есептелмейтінін айтты. Сайлаушыға мәжіліске, облыстық және қалалық мәслихаттарға дауыс беру парағы берілген.

Айта кетейік, 10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліске депутаттарды сайлау өтті. Дауыс беру елорда уақытымен 07:00-ден 20.00-ге дейін жалғасты.

53 мемлекетте Қазақстанның шет елдердегі өкілдіктері жанынан 66 сайлау учаскесі ашылды. АҚШ пен Канададағы қазақстандық сайлаушылар дауыс беруді 11 қаңтар Нұр-Сұлтан уақытымен 07.00-де аяқтайды.

Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауының қорытындысын жеті күн ішінде – 2021 жылдың 17 қаңтарына дейін жариялайды.