НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда тергеу изоляторларында отырған 5 мыңнан аса адам парламенттік сайлауда дауыс береді. Бұл туралы ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, тергеу изоляторларында отырған, өздеріне қатысты үкім заңды күшіне енбеген Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығына ие.
"Республиканың қылмыстық-атқару жүйесінің 16 тергеу изоляторында жабық сайлау учаскелері құрылды. Онда 5 мыңнан астам адам парламенттік сайлауда дауыс беруге қатысып жатыр", - делінген хабарламада.
Сайлау процесі өтетін үй-жайларда тиісті бақылау, күзет және қадағалау қамтамасыз етілген.
Сайлау процесіне қатысушылар барлық қажетті санитарлық-эпидемияға қарсы талаптарды сақтауда.
ҚАЖК мәліметінше, қазіргі уақытта республиканың тергеу изоляторларында 6 мыңға жуық адам қамауда отыр.