Өңірлер

Перуашев дауыс бергеннен кейін Ақтөбе облысындағы келеңсіз оқиға туралы айтты

Сонымен бірге Азат Перуашев өзінің партиясы қажетті жеті проценттік дауысты жинайтынына күмәнданбайтынын мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. "Ақ жол" демократиялық партиясының басшысы Азат Перуашев Қазақстан астанасындағы 122-ші сайлау учаскесінде дауыс берді.

"Ақ жол" партиясы парламент сайлауына төртінші рет қатысып жатыр. Перуашев партияның 7 проценттік шекті деңгейге жетіп, парламентке өтетініне күмәнданбайтынын атап өтті.

"Мәжіліске өту үшін қажетті дауысты жинайтынымызға күмәнданбаймын. Соңғы нүктені сайлаушылар қояды", - деді мәжілісмен журналистерге.

Дауыс беру кезінде тіркелген заң бұзушылықтар туралы сұраққа жауап бере отырып, Перуашев Ақтөбе облысында болған оқиға туралы айтты.

Оқи отырыңыз: Бас прокуратура алдын ала қол қойылған бюллетендер жайлы видеоға түсініктеме берді 

"Бүгін таңғы сағат 7-ден бастап, тіпті одан ертерек біздің өңірдегі бақылаушыларымыз маған қоңырау шала бастады. Өкінішке қарай, кейбір жерлерде біздің бақылаушыларымызға кедергі келтіргені жайлы ақпарат бар. Мұндай хабарлама Ақтөбе облысында өте көп. Ол жақта бақылаушыларды сайлау учаскесіне кіргізбей қойған, партияларға төрт орын дайындаған, алайда бес партия қатысып жатыр", - деді "Ақ жол" көшбасшысы.

Сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін, кейбір қалаларда басқа уақыт белдеуіне байланысты Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Содан кейін бюллетендерді санау процесі басталады.