Қоғам

Мегаполис әкімдері қалай дауыс берді

Сағынтаев сайлау учаскелерінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтан және Алматы қаласының әкімі парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов таңғы 7:30-да Қазақ ұлттық өнер университетінің №329 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мегаполис әкімдері қалай дауыс берді

"Таңмен өз сайлау учаскемде дауыс бердім", – деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.

Ал Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев парламент мәжілісі депутаттарының сайлауында дауыс берді. Ол қаладағы Оқушылар сарайында орналасқан №377 сайлау учаскесіне барды.

"Сайлау коронавирус пандемиясы кезінде өтіп жатыр. Сондықтан біз учаскелерде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдадық. Қала тұрғынының сайлауға қатысуы үшін барлық жағдай жасалған", – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар Алматы әкімі сайлаудың маңыздылығына тоқталды.

"Бүгін біз еліміздің одан әрі дамуы мен нығаюына, өскелең ұрпақтың тыныш және бақытты болашағына дауыс берудеміз", – деді Алматы әкімі.

Ал Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы № 231 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Дауыс беру кезінде қала басшысы шымкенттіктердің белсенділік танытып, сайлауға жоғары деңгейде қатысатынына сенім білдірді.

Мегаполис әкімдері қалай дауыс берді

"Бұл саяси іс-шара – еліміз үшін өте маңызды. Бұл – болашағымызды таңдау. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жүргізіліп келе жатқан реформалардың жалғасын табуы және тұрғындардың жарқын болашағын айқындайтын сәт. Біз дұрыс таңдау жасауымыз керек. Бүгінгі саяси додаға барлық сала өкілдері қатысып жатыр. Қала тұрғындары бұрын өткен сайлауларда белсенділік танытқан, бүгін де жоғары деңгейде қатысады деп ойлаймын", – деді Әйтенов.

Айта кетейік, сайлау учаскелері 10 қаңтар сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.