Әлем

АҚШ-тағы атыс: бес адам қаза болды

Полицейлер көшеде жүріп, адамдарға оқ атқан күдіктіні жаралады. Ер адам ауруханада көз жұмды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар — Sputnik. АҚЩ-тың Чикаго и Эванстон қалаларында белгісіз ер адам оқ атып, бес адамды өлтірді, екі адамды жаралады.

Қаскөй 9 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 13:50 шамасында өз автокөлігінде отырған 30 жастағы ер адамға оқ атқан, деп хабарлайды NBC Chicago жергілікті билікке сілтеме жасап.

Биліктегілер құрбан болған Чикаго университетінің студенті екенін растады.

Одан кейін күдікті Саус-Ист-Эн-авеню орамына барып, тұрғын үйдің күзетшісіне оқ атқан. Қылмыскер ғимарат ішіне еніп, өз поштасын алып жатқан 77 жастағы әйелді де атып тастаған.

Шамамен 45 минут өткен соң күдікті келесі орамға барып, ол жақта жергілікті тұрғынға тапанша кезену арқылы оның автокөлігін айдап кеткен.

Қылмыскер Саус-Халстед-стрит орамдарының бірінде дүкенді тонап, 20 жастағы жас жігітке оқ атқан. Қаскөйдің қолынан зардап шеккен 81 жастағы әйел қазір ауруханада. Оның жағдайы нашар.

Бұдан соң қылмыскер 15 жастағы бойжеткенге шабуыл жасаған. Қазір ол ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Одан соң ол өзі тонаған дүкенге қайта айналып келіп, полиция қызметкерімен атысады.

Сәл кейінірек америкалық қылмыскер Эванстон қаласындағы дәріхананы тонамақ болған. Атыс туралы сигнал алған полицейлер оқиға орнына жедел жеткенімен, ер адам мейрамханаға қашып үлгерген. Ол жақта қылмыскер әйел адамды кепілге алып, одан соң оның басына оқ атқан. Жәбірленуші алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.

Ер адам Эванстон полициясымен атысып, жарақат алады. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.

Жергілікті полиция өз Twitter-аккаунтында мәлімдегендей, қазіргі уақытқа азаматтарға еш қауіп төніп тұрған жоқ. Оның үстіне, қылмысқа не себеп болғаны туралы ақпарат жоқ.

Эванстон – Иллинойс штатында орналасқан қала. Чикагомен темір жол арқылы байланысып тұр.