Саясат

Сайлауға қатысатын бақылаушы нені білуі керек

Sputnik Қазақстан бақылаушылардың негізгі құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ, фото мен видео түсіру тәртібін білді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Ертең, 10 қаңтар күні республика бойынша мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өтеді. Халық таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін дауыс береді. Ал әрбір партияның сенімді өкілдері, журналистер, отандық және шетелдік байқаушылар сайлауды өткізу барысын бақылайды.

Бақылаушылардың құқықтары 

"Сайлау туралы" конституциялық заңда саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың атынан бақылау жүргізетін адамдардың нақты құқықтары жазылған. Олар:

  • сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;
  • дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға;
  • дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға;
  • тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға;
  • сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға;
  • тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға;
  • сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға;
  • учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға;
  • дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға;
  • дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға;
  • дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға;
  • сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.

Ал сайлау комиссиясының төрағасы байқаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті.

Бақылаушылардың міндеттері 

Әрбір байқаушының тиісті құжаттары болуы тиіс. Біріншіден, жеке куәлік. Екіншіден, оны жіберген ұйымның мөрімен расталған қағаз. Сайлау учаскесінде байқаушы туралы деректер есепке алу журналына енгізіледі. Бұдан бөлек, заңмен бірқатар міндеттер бекітілген. Олар:

  • сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпау;
  • сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамау;
  • сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындау;
  • өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеу;
  • Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтау:
  • алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге міндетті;

Бақылаушы заң талаптарын бұзған жағдайда сайлау комиссиясы оны тіркеуден шығарып тастауға құқылы.

Фото мен видео қалай түсіріледі

Бақылаушы сайлау учаскесі ашылғанға дейін 15 минут бұрын келуі тиіс. Одан кейін өз құжаттарын көрсетіп, тіркеуге тұрады. Сайлау учаскесінде фото мен видео түсіре алады. Алайда бірнеше талапты сақтау қажет. Олар: 

  • сайлау учаскесінің мүшелері мен сайлаушыларға кедергі жасамау;
  • дауыс беру құпиясын бұзбау;
  • жеке мәліметтердің құпиясын сақтау;
  • адамның бет-бейнесін жариялауға рұқсат алу;
  • адамның бет-бейнесі көрсетілген фотоны пайдалануға рұқсат алу.

Бұдан бөлек, бақылаушы сайлау комиссиясының төрағасын фото мен видеоға түсіретінін алдын ала ескертуі тиіс. 

Тікелей эфирді кім жүргізе алады

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аудио мен бейнематериалдарды тек заң бұзушылықтарды дәлелдеу үшін ғана қолдануға болатынын айтқан. 

"Ал фото, видео немесе аудио жазбалар басқа біреуге жіберілсе, я болмаса, жариялаған жағдайда Азаматтық кодекстің талаптары сақталуы қажет. Бақылаушының негізгі мақсаты – дауыс беретін күні сайлауды бақылау. Ал сайлаудың барысын көрсету мен халыққа жеткізу – бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы", - деді ОСК мүшесі Серік Сыдықов.

Бұқаралық ақпарат құралдары видео мен фото түсіруден бөлек, онлайн-трансляция да жүргізе алады. Ал қатардағы бақылаушыларда ондай рұқсат жоқ. 

"Бақылаушылар онлайн-трансляция жасай алмайды. Бұның барлығы сайлау туралы заңда жазылған. Бұқаралық ақпарат құралдары ғана тікелей трансляция жүргізе алады", - дейді ОСК мүшелері.

Тәртіп бұзушылықтар анықталса, не істеу керек

Бақылаушылар дауыс санауды қашықтан бақылайды. Бірақ бюллетендегі белгілер көрінуі тиіс. Ол үшін сайлау учаскесіндегі үстелдер бәріне көрінетіндей етіп қойылады. Дауыс санаудан кейін бақылаушы хаттаманың көшірмесін алуға құқылы. 

Сайлау және дауыс санау кезінде тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда алдымен учаскелік комиссия төрағасына хабар беру керек. Одан кейін арыз-шағымның екі данасы жасалады. Біреуін комиссия төрағасына тапсырады. Оны хаттамаға қосып жіберуі тиіс. Ал екінші данасына қолын қойдыртып алу қажет. Төраға қол қоймаса, куәгерлердің қолын қойдыртады. 

Сайлаудың соңында бақылаушы есеп жазады. Онда нақты дәлелдер көрсетілуі шарт. 

Қазақстандағы парламент сайлауы

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. 9 қаңтар – тыныштық күні.

Алдағы сайлауда мәжілістегі орындарға бес партия таласады.

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер);
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • "Адал" партиясы.

Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, алдағы сайлауда 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихат (596) және 163 аудандық мәслихат (2 091 мандат) бар.

Мәжілістің 98 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.