Видео

Сайлау учаскелеріне бюллетеньдер қалай жеткізілді – видео

Бүгін Қазақстанда –  парламент сайлауы алдындағы тыныштық күні. Ал ертең қазақстандықтар мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында өз таңдауын жасайды
Sputnik

Бюллетеньдер учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде үш күн бұрын және сайлаудан кемінде бiр күн бұрын жеткізіледі.

Бланкілер дауыс берушілердің жалпы санының 1 проценттік резервімен дайындалады. Өйткені дауыс берушілер бюллетеньді бүлдіріп алуы мүмкін.

Сайлау бюллетеньдерi мемлекеттiк тiлде және орыс тілiнде басылады. Саяси партиялардың атаулары Орталық сайлау комиссиясында жеребемен айқындалған тәртіппен енгізіледі.

Елордада барлығы 283 учаске дайындалды. Қала әкімдігінің мәліметінше, олардың барлығы қажетті қорғаныш құралдарымен жабдықталған.

Sputnik Қазақстан тілшілері Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесінде болып қайтты.

"Бюллетеньдерді жеткізу тәртібі "Сайлау туралы" конституциялық заңның 37-бабында жазылған. Сайлау учаскесіне жеткізілгеннен кейін, бланкілер қайта саналады. Содан соң оларды дауыс беруге арналған залдағы сейфке салады. Бізге үш мыңнан астам бюллетень жеткізілді", - деді учаскелік сайлау комиссясының мүшесі Нұрлыбек Әбелдинов.

Республика бойынша бюллетеньдердің жалпы саны – 12 038 433 (1% резервпен).