Қоғам

Сәкен Майғазиев отбасымен бірге Шымкентке көшетін болды

2020 жылдың желтоқсанында Сәкен Майғазиев "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымы" директоры қызметіне тағайындалды. Жаңа қызметіне орнығып алған соң әнші Наурыз мейрамына дайындықты бастағалы жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 8 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық танымал әнші Сәкен Майғазиев Шымкентте басшылық қызметке ауысуына байланысты отбасымен бірге оңтүстік өңірге көшпек. Бұл туралы әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Сонымен қатар Шымкент қаласы мәдениет үйінің директоры қызметіне кірісуіне не себеп болғанын айтып берді.

Бұған дейін Майғазиев екі жыл бойы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында қызмет етті. Шығармашылық пен халықаралық қатынастар бөлімінің проректоры қызметін атқарды. 

"Жұмыс онлайн жүрді. Студенттермен жақсы қарым-қатынаста болып, бірлесе екі жыл жұмыс істедім. Өнер академиясымен де шығармашылық жұмысты тоқтатпаймын. Алайда проректор қызметімді тапсырдым. Шымкентке қаланың мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенова шақырды", - деді Майғазиев.

Айтуынша, бұл ұсыныс түскен кезде ең алдымен анасына хабарласқан.

"Ұсыныс түскен кезде таңғалдым. Алматыдан Шымкентке бару жағы да ойландырды. Бірақ ол өзімнің туған жерім, бір жағынан анамды қуантқым келді. Анам қазір Созақ ауданында тұрып жатыр. Анама бір қадам жақындап, разылығын алғым келді. Мұны естіген анам да "жақын болғаның, тіпті жақсы" деп қуана кетті", - деді әнші.

Одан кейін әнші жарымен кеңескен. Айтуынша, әйеліне Шымкент қаласы бұрыннан ұнайды. Сол себепті бірден келісе кеткен.

"Менімен бірге өмір сүретін адамдардың, ыстық-суықты бірген көретін жандардың пікірі әрқашан да маңызды. Олар бұл шешімді қуана қабылдады. Отбасыммен бұл мәселені шешкен соң, академиядағы басшылыққа хабарласа бастадым", - дейді ол.

Айтуынша, өнер академиясының басшылығы туған жеріне табан тірегісі келгенін ескеріп, қарсы болмаған. Себебі Шымкентке де Майғазиев секілді азаматтар қажет екенін ескерген.

Кез келген өңірге баруға дайын

"Алдағы уақытта Қазақстанның қай өңірі болса да, оң жамбасыма келіп жатса, барып, жұмыс істеуге дайынмын. Бастысы, қазақ игілігіне, қазақ өнеріне пайдам тисе болғаны. Шақыртуды құп алуыма да осы себеп болды. Бұған дейін де маған шақыртулар түскен еді. Ол кезде бұл лауазымнан жоғары қызметті ұсынды. Жіпсіз байланып қалатындай болдым, сол себепті келіспедім. Ал бұл жер өзім қалайтын шығармашылық орта", - деді Майғазиев.

Сонымен қатар әңгіме барысында Сәкен Майғазиев жаңа қызметке келгендегі бір-екі жоспарын да айтып өтті.

"Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновпен мәдениет басқармасы бірлесіп іс-шара өткізуге ниеттіміз. Қалаға көктемнің ерте келетінін ескеріп, Наурыз мейрамына керемет іс-шара ұйымдастырсақ деймін. Миллион тұрғыны бар қаланың дамуына теңізге тамшыдай болса үлес қоссақ деген ниет бар", - деді әнші.

Сондай-ақ, әнші Қазақстанның түкпір-түкпірін дамыту қажет екенін айтып өтті. Түркістанның түлеуі – үлкен қуаныш. Оңтүстік өлкеде де туризм дамуы қажет, деп толықтырды Майғазиев.

"Жұмыстың көптігіне қарамастан, шығармашылығымды тоқтатпаймын деп уәде беремін. Жұмысқа орнығып алғанша қиын болып тұр. Себебі жұмыс өте көп. Бір ай ішінде шығармашылығымда жаңалық болады деп айта алмаймын, әрі қарай ол бағытты да тоқтатпаймын", - деді әнші.

Айтуынша, отбасы да Шымкентке қоныс аударады. Алайда мектепке биыл барған қызының бір жылда екі мектеп ауыстырып, қиналып қалғанын қаламайды.

"Отбасымды көшіріп алып келемін. Қызымды Алматыда керемет мектепке орналастым. Өзі небәрі 7 жаста. Баланы бір мектептен басқа мектепке ауыстыра беру де психологиялық тұрғыдан ауыр болатынын ескеріп отырмын", - дейді әнші.

Айтуынша, отбасы шамамен ақпанда немесе наурызда Шымкентке көшеді.

Сонымен қатар Сәкен Майғазиев "Музарт" тобының 20 жылдығына орай Қазақстанды аралап, құлақтың құрышын қандыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ең бастысы – ән қоржынын қампитып алу, деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, 2020 жылдың желтоқсанында Сәкен Майғазиев "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымы" директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.