НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Әлеуметтік желіде жануарға жасалған қатыгездіктің тағы бір видеосы пайда болды. Бұл жолы Атырауда итті көліктің артына байлап, асфальт бетінде сүйреген сәтті куәгерлердің бірі түсіріп алған.
"Атырау қаласының полиция басқармасы! Жануарға жасалған қатыгездікке байланысты осы іспен айналысып, тексеру нәтижесі туралы қоғамды хабардар етулеріңізді сұраймын! Видеода оқиғаның уақыты мен күні көрсетілген. Ал көлік тоқтағаннан кейін жолаушы итті (сол кезде өліп қалған болуы да мүмкін) жүк салғышқа салды да, ештеңе айтпастан үнсіз кетіп қалды", – деп жазды Гүлсім Сабирова есімді Facebook қолданушысы.
18+ видеоны балаларға, жүкті әйелдер мен психикасы тұрақсыз адамдардың көруіне болмайды
Полиция басқармасының №1 полиция бөлімі 7 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жануарларға қатыгездік көрсету фактісінің негізінде сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Айта кетейік, заңда жануарлардың жарақат алуына немесе өлуіне әкелетін кез-келген қатыгездік үшін кінәліге 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу (350 мың теңге) қарастырылған. Сондай-ақ, осы мөлшерде түзету жұмысына немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті, 30 тәулікке дейін қамауға алумен жазаланады.
Бұл бірінші оқиға емес…
Мұндай жағдай Қазақстанда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін Екібастұз қаласының 72 жастағы тұрғыны көлігімен итті жетекке алып жүрген видеосы желіде тараған. Ол ветеринарлық ауруханадан шыққан соң Алабайды көлікке сала алмағанын айтып ақталған.
Ал 2020 жылдың жазында әлеуметтік желіде ер адамның тоңазытқыш есігімен итті тұншықтырған видеосы пайда болды. Бұл көрініс қоғамда қызу талқыланған соң қылмыстық іс қозғалып, бірақ көп ұзамай тоқтатылды. Кейіннен Лаки есімді итті АҚШ-тың Калифорния штатына алып кеткен.
Жануарларды қорғаумен айналысатын қазақстандық белсенділер мұндай қатыгездік үшін жазаны қатаңдатуды бірнеше рет көтерді. Осы мақсатта 2020 жылдың қазан айында елордада бейбіт митинг де өткен.
Оқи отырыңыз: Қаршыға итке бас салды: соңында ешкім күтпеген оқиға болды – видео