Қоғам

Дауыс беру бюллетені қымбаттады

Егер президент сайлауында әрбір дауыс беру бюллетеніне бюджеттен 11 теңге бөлінсе, ал мәжіліс сайлауы кезінде ол 0,5 теңгеге қымбаттаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар — Sputnik. Мәжіліс сайлауында дауыс беру бюллетені 11,5 теңгеге дейін қымбаттады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады. Президент сайлауы кезінде әрбір бюллетень бағасы 11 теңге болған еді.

Парламент сайлауы кезінде барлығы 12 038 433 бюллетень әзірленеді. Елімізде 11 919 241 азамат дауыс беру құқығына ие. Айта кету керек, бюллетеньдер дауыс берушілердің жалпы санының 1 проценттік резервімен дайындалады.

"Алдағы мәжіліс сайлауында бюллетеньдерге жұмсалатын шығын 138 441 979 теңгені (шамамен 330 мың доллар) құрайды. Бюллетеньдер қазақ және орыс тілдерінде дайындалады", - деді баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы партиялар үшін жеребе тарту ұйымдастырған болатын. Сайлау бюллетеньдерінде партиялар мынадай кезекте орналасады:

  • 1. Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер);
  • 2. "Nur Otan" партиясы;
  • 3. "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • 4. "Ақ Жол" демократиялық партиясы;
  • 5. "Адал" саяси партиясы ( Бұрынғы атауы - "Бiрлiк").

Қазақстанда мәжіліс депутаттарын сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Бұл жолы парламенттің төменгі палатасындағы орындар үшін бес партияның үміткерлері таласады. 9 мәжіліс депутаты Қазақстан халық Ассамблеясы тарапынан сайланады.