Оқиға

Бір адам көз жұмды: Алматы облысында болған жол апаты видеоға түсіп қалды

Жол апаты салдарынан 70 жастағы зейнеткер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Алайда оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады
Sputnik

ТАЛДЫҚОРҒАН, 8 қаңтар — Sputnik. Алматы облысында егде жастағы әйелді жүк көлігі қағып кетті. Оқиға қарама-қарсы бағыттан келе жатқан көліктің видео тіркеуіш құралына түсіп қалды.

Зейнеткер жаяу жүргінші жолымен келе жатып, DAF-150 жүк көлігінің астына түседі. Жазба авторы апат Алматы облысы Боралдай елді мекенінде болғанын хабарлады.

Облыстық полиция оқиға 6 қаңтар күні тіркелгені туралы ақпарат берді. Жол апаты салдарынан 70 жастағы зейнеткер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Алайда оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

"Жүк көлігінің жүргізушісі 48 жастағы ер адам. Оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкеч қылмыстық өндіріс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта себебі мен мән-жайы анықталып жатыр", - дедіАлматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.